Ақтөбеде мектеп оқушысының өліміне қатысты кінәлілер босатылды

Ақтөбеде облыстық соттың алқасы мектеп оқушысының өліміне кінәлі деп танылғандарға тағайындалған жазаны өзгертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Диапазон" басылымына сілтеме жасап.

2024 жылғы қыркүйекте Қопа ауылында 10 және 11-сынып оқушылары 9-сыныптағы оқушыларды "кіші сынып оқушылары үлкендерге құрмет көрсетпеді" деген себеппен ұрып-соққан. Соның салдарынан 14 жастағы оқушы Нұржан Сыдық оқиға орнында көз жұмды.

Айыпталушылар қатарында 17 жастағы алты жасөспірім болды. 2025 жылғы қазанда дау тудырған іс бойынша үкім жарияланды. Үш айыпталушыға "алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып жасалған бұзақылық" бабы бойынша 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Тағы екеуіне екі бап бойынша - "бұзақылық" және "жәбірленушінің өліміне абайсызда әкеліп соққан қасақана ауыр дене жарақатын келтіруді ұйымдастыру" - 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Ал олардың тағы бір сыбайласы "жәбірленушінің өліміне абайсызда әкеліп соққан қасақана ауыр дене жарақатын келтіру" бабы бойынша дәл сондай нақты мерзімге сотталды.

"Диапазон" 

Нақты мерзімге сотталған үш адам да, сондай-ақ, жәбірленуші тарап та үкімге шағым түсірген.

"Қылмыстық істері жөніндегі сот алқасы істі қайта қарап, ізгілік танытып, осы үшеуінің жазасын нақты мерзімнен шартты жазаға ауыстырды. Яғни алқа қаулысына сәйкес олар бостандыққа шығарылды: белгілі бір шектеулермен жазаны бостандықта өтейді", - деп жазады басылым.

Облыстық соттың баспасөз қызметі сотталғандардың кінәсін мойындағанын, өкініш білдіргенін және жәбірленуші тараппен медиациялық келісім жасағанын хабарлады.

Қаза тапқан оқушының туыстары да сотталғандарға жазаны жеңілдетуді өздері сұраған. Жарияланымда дәл осы жайттардың бәрі жазаны нақты мерзімнен шартты жазаға өзгертуге негіз болғаны айтылған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!