- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбеде медициналық сараптама...
Ақтөбеде медициналық сараптама бөлімінің басшысы мүгедектерден пара алды деген күдікке ілінді
Ақтөбедегі медициналық сараптама бөлімінің басшысы мүгедектерден пара алды деген күдікке ілінді. Күдікті үйқамаққа алынды, - деп хабарлайды "Мой Город" басылымы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Ақтөбе облысы бойынша басқармасы өкілдері Еңбек министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің №4 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр.
Ол медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту кезінде мүгедектерден мүгедектік мерзімін белгілеу және ұзарту үшін бірнеше рет жалпы сомасы 1,2 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.
Ведомство мәліметінше, Тергеу соты күдіктіге қатысты "электрон білезік" қолдану арқылы үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.
Соталды тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етілмейді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек