Ақтөбеде мас әйелдің кесірінен бір аудан тегіс газсыз қалды

Ақтөбеде мас әйелдің кесірінен бір аудан тегіс газсыз қалды
Фото: Видео кадры

Ақтөбеде мас әйелдің кесірінен түгел бір аудан газсыз қалды. Ішімдікке тойып алған жүргізуші газ құбырын тартып жатқан құдыққа көлігімен түсіп кеткен, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Мастығы тарқамаған тұрғын таңғы 6:30 шамасында Алтын орда ықшам ауданында көлікке отырады. Газ құбырына арнап қазылған шұңқырдың лентамен қоршаулы тұрғанына қарамастан, қатты жылдамдықпен келіп соған құлаған. Өзі аман, бірақ құбыр жарылып, 8 тұрғын үй кешені, 600-ге жуық пәтер газсыз қалды.

Мамандар коммуналдық апатты қалпына келтіріп жатыр. Ал жүргізуші келіншекке қатысты әкімшілік іс қозғалды.

"Жол-көлік оқиғасынан ешкім зардап шекпеді. Өткізілген сараптамаға сәйкес автокөлік жүргізушісі масаң күйде болғаны анықталды. Осы дерек бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа шешім қабылдауға жіберілді", – дейді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан