Ақтөбеде 20 жастағы қызынан айрылған анасы тергеуді аяқтап, күдіктіні сотқа тартуды талап етіп отыр. Студентті жетінші қабаттан лақтырып жіберді деп айыпталған жігіт ақталып кете ме деп қорқады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Қылмыскер изоляторда, СИЗО-да ұзақ отырып, құтылып кету үшін шығар, 99-бапты алдырып тастау үшін сараптамасын созып отырған шығар. Іс сотқа жіберілгенін талап етемін. Қанішер, жауыз, тиісті жазасын алуы керек!", - дейді марқұмның анасы.
Марқұм Әйгерім Орынбасарованың денесі осыдан жеті ай бұрын көпқабатты үйдің жанынан табылған. Алғашқыда оны биіктен секіріп өлді деп мәлімдеген. Кейін жақындары кісі қолынан өлгенін айтып шу шығарды. Себебі сол күні әскерден келген сыныптасы пәтерге алдап шықырып алыпты. Сол жерде ұрып-соғып, қымбат телефоны мен өзге де заттарын тонаған. Сол пәтердің ішінен бастап, подъездегі кіреберіске дейін қан-жоса болған.
Сау жері қалмаған қыздың сүйегін молдалар үйде емес, мешітке апарып жуыпты. Енді қара жамылған ана тұңғышын өлтірді деген жігітті тергеу тым созылып кетті деп отыр. Осы уақытқа дейін оннан аса сараптама тағайындалған. Дәлел, айғақ жетеді дейді марқұмның туыстары. Ал соттағылар күні кеше тағы сараптама тағайындадық деп отыр. Күдіктіні қамауда ұстау уақытын да ұзартыпты.
"Сот бір ай мерзіміне, яғни 2023 жылғы 13 қаңтарға дейін күзетпен ұстау мерзімін санкциялады. Сонымен қатар Ақтөбе қаласының мамандандырылған тергеу сотының 14 желтоқсандағы қаулысымен, күдікті қорғаушысының қосымша сот-медициналық қылмыстық сараптама тағайындау туралы өтініші қанағаттандырылды", - дейді Ақтөбе облысы сотының баспасөз хатшасы Айжамал Сүндет.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!