Ақтөбеде жылына 25 мың тонна күйдірілмеген әктас өндіретін зауыт іске қосылды. Өндіріс орнын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ашты, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.
Ақтөбе облысы, Хромтау ауданындағы кен орнының бірінші кезеңі іске қосылды. «Мені қуантатыны – халық үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Қазір 80 адам жұмысқа алынса, зауыт толық қуатпен жұмыс жасай бастағаннан кейін бұл көрсеткіш 100-ге жетеді. Енді ғана ашылғанына қарамастан өз өнімін сату үшін «Ақтөбе мыс компаниясымен» шартқа отырды»,- деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Кен орны
Жобаның жалпы құны – 660 миллион теңге. Биыл 222 миллион теңге игеріліп, 12 мың тонна өнім алу жоспарда бар. «Инданит» ЖШС-нің басшысы Ислам Алманиязовтың айтуынша, негізгі тапсырысты «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС жасайды. Импортты ауыстыру, отандық үлесті арттыру үшін Мыс компаниясы мен Әктас зауыты арасында 1 миллиард 440 миллион теңгелік меморандумға қол қойылды.
«Жаңа зауыттың ашылуына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы газ, жарық жеткізу және жол салуға 379 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, несиенің 6,5 пайызы субсидияланды»,- дейді компания басшысы И.Алманиязов.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2017 жылы зауыттың 2-кезеңі іске қосылып, жылына 25 мың тонна күйдірілмеген әктас шығарылады. 2019 жылы жылына 30 мың тонна күйдірілмеген әктас өндіріледі. Бұл – үшінші кезең. Ал жоспар бойынша алдағы уақытта зауытта жылына 80 мың тонна өнім алынады.
Алтынай Сағындықова, bnews.kz