Ақтөбеде қоршаған ортаны ластаған компанияға 1,2 млрд теңге айыппұл салынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыстық экология департаменті "Интергаз Орталық Азия" АҚ филиалының қызметіне тексеріс жүргізген. Тексеріс барысында Шалқар ауданындағы Бозой жерасты газ қоймасында екі ұңғыма міндетті экологиялық рұқсатсыз бұрғыланғаны анықталған.
"Тексеріс қорытындысы бойынша компанияға 1,2 млрд теңге айыппұл салынып, 4 әкімшілік материал тіркелді. Оның ішінде 20 млн теңге көлеміндегі айыппұлды кәсіпорын ерікті түрде төлеп, қалған 1,1 млрд теңгеден аса сома бойынша сотқа шағымданды. Бірінші және апелляциялық сатылардағы сот шешімдерімен айыппұл салу туралы қаулы күшінде қалды", - деп жазылған хабарламада.
Заңға сәйкес компания бір ай ішінде 1,1 млрд теңге көлеміндегі айыппұлдың қалған сомасын төлеуге міндетті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова