Ақтөбе қаласында ер адам әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тартылғаны үшін мемлекеттен жарты миллион теңге өндіріп алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Диапазон" порталына сілтеме жасап.
Полицейлер жүргізуші куәлігінен айырылған ер адамды жолда тоқтатты. Сот материалына сәйкес, көлік жүргізуші алкоголь ішкен-ішпегенін анықтайтын тексеріске бірге барғанымен, өтуден бас тартқан. Бұл билік өкілінің талабын орындамау болғандықтан, оның үстінен әкімшілік хаттама рәсімделген. Ер адам 25 тәулікке қамалды.
Көлік жүргізушісі 9 күн бойы қамауда отырып, өзінің кінәлі емес екенін дәлелдеп шықты. Ер адам сот үкіміне наразылық білдірді. Оның айтуынша, ұсталған көлік жүргізушіден дәл сол уақытта кіші дәрет шықпаған. Сол үшін ер адам тексерістен басқа жолмен өтуді сұраған. Бірақ талап орындалмаған.
"Ол медициналық тексерістен өтуден бас тартпаған. Демек құқық бұзушылық болмады. Осыған байланысты сот істі тоқтатты ", - дейді сот мамандары.
Ер адам заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тартылып, нәтижесінде 9 тәулікке қамауға алынғаны үшін мемлекетке қарсы шағым түсіріп, 2 миллион теңге талап етті. Сот оның пайдасына шешім шығарып, Қаржы министрлігін моральдық шығын үшін 200 мың теңге, заң қызметі үшін 300 мың теңге төлеуге міндеттеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!