Ақтөбеде 49 жастағы кәсіпкердің өлімінен екі күн өткен соң қылмысқа күдікті ер адам ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол марқұмның көршісі болған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақтөбе облысының полициясы күдіктіні ұстауға қатысты егжей-тегжейлі мәліметті әзірге жариялаған жоқ. Қылмысты ашу үшін қалаға ІІМ орталық аппаратының тәжірибелі жедел қызметкерлері жіберілгені белгілі.
«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері кәсіпкерді өлтірді деген күдіктіні анықтап, ұстады. Ол — Қазақстан азаматы, Ақтөбе қаласының тұрғыны. Тергеу барысы ІІМ бақылауында», — деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаменті.
Еске салайық, қылмыс 16 қарашада Ғазиза Жұбанова көшесіндегі жеке үйде болған. Қаза тапқан ер адам 49 жаста еді. Бұған дейін әлеуметтік желілерде оның жанармай құю бекеттері желілерінің бірін басқарғаны туралы ақпарат тараған. Алайда бұл мәлімет әзірге ресми расталған жоқ.
Сондай-ақ күдіктінің оқиға орнынан марқұмның көлігімен қашып кеткені туралы ақпарат жарияланған еді. Полиция бұл мәліметті де растаған жоқ.
Кісі өлтіруге не себеп болғаны әзірге анықталмаған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз