- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбеде жылыжайы бар...
Ақтөбеде жылыжайы бар мектеп аз қамтыған отбасыларды көкөніспен қамтып отыр
Ақтөбеде мектеп мұғалімдері мен оқушылар көкөністің түр-түрін өсіріп, аз қамтылған отбасы балаларына таратып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақтөбедегі №4 жалпы орта білім беретін мектепке барған адам таңдай қағады. Білім ордасының аумағындағы екі гектарға жуық алаңда көкөніс пен жеміс-жидектің түр-түрі өседі. Ал былтыр алаңға жылыжай салыныпты. Оның ішіне жылу жүйесі енгізілген, қысы-жазы жұмыс істейді. Қияр, қызанақ, пияз, бұрыш яғни көкөністің түр түрі бар. Екпе гүлдерге дейін өседі. Мектеп директоры Сәбит Шүйтеновтың өзі гүл өсіргенді ұнатады екен. Осыдан жеті жыл бұрын білім ордасы басшылығының тізгінін ұстаған. Содан бері мектептің айналасын гүлдендіруге кірісіпті.
"Мектеп айналасында құнарлы жердің бос жатқанын көрдім. Содан іске кірісіп, жерді тазарттық. Бірнеше көлік қоқыс шықты. Содан кейін құлпынай, қызанақ, қияр секілді көкөністерді еге бастадық. Бұған қоса сәндік үшін өсірілетін гүлдердің көшеттерін егіп, тұқым аламыз", - дейді Сәбит Шүйтенов.
Аумақтың бір бөлігіне көкөніс, қалған бөлігіне жеміс ағаштары егілген. Алғашқы жылы 25 түп алма ағашын ексе, былтыр 50 түп алма әкеліп отырғызылған. Қазір алмалар гүлдеп тұр. Сондай-ақ жүзім, алмұрт, шие ағаштары бар. Ал осыдан екі жыл бұрын салынған жылыжай 15 күн сайын өнім береді. Ерте гүлдеген бақша дақылдарының барлығы бой көтеріпті. Оқушылар биылғы алғашқы қиярдың дәмін татқан. Бір айта кетерлігі бау-бақша өнімдерін егуге мектеп ұжымы мен оқушылар қатысады.
"Жылыжайды Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнадық. Мақсатымыз - өнім алу емес, ұрпаққа экологиялық тәрбие беру ісіне үлес қосу, балалардың осы шаруаны өз көзімен көруі. Осылайша жас ұрпақты еңбекке баулып, бұл жерді еңбек алаңына айналдырып отырмыз. Оларға өте қызық. Балалар пән мұғалімдерімен бірге көкөністерді өздері егеді", - дейді мектеп директоры.
Түскен өнім мектептегі аз қамтылған 20 баланың отбасына және мектеп асханасына беріледі. Сондай-ақ жылыжайда шырайгүл өсіріледі. Өзге білім ордалары көктемде бұл гүлдің тұқымын сатып алса, ал аталған мектеп өздері дайындаған көшеттерді егеді. Қазір білім ордасының айналасы гүлге көмкерілген. Ғимараттың сырты ғана емес хош иісті гүлдер мектептің барлық бөлмесінде жайқалып тұр. Бұл маңдағы тал-теректерге де күтім ерекше жасалады. Мектеп директоры кіші қызметкерлермен бірге осы шаруаның қасында өзі де жүреді.
Кәмшат Сексенбай.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы