- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбеде жүзге жуық...
Ақтөбеде жүзге жуық адам төрт айдан бері жалақы ала алмай жүр
Ақтөбеде жүзге жуық адам төрт айдан бері жалақы ала алмай жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Олар Есет батыр шағынауданында мемлекеттік бағдарламамен салынған көпқабатты үш үйдің ішкі әрлеу жұмыстарын істеген. Бірақ құрылысшылардың адал еңбектерінің ақысы әлі күнге дейін өтелмепті. Жалпы қарызы - 135 миллион теңге.
Қырыққа жуық адам осы үйлердің ішкі әрлеу жұмыстарын істеген. Өздеріне жүктелген шаруаны жаңа жылға дейін бітіріп, тапсырған. Бірақ олармен келісімшарт жасаған мекеме уәдесін орындамай отыр дейді.
"Бірнеше бригада ақшасын үш айдан бері ала алмай жүр. Акимат ақшаны Ақтөбе сәулетке аудардық дейді. Олар бізді ойламай ма екен. Бала-шағаны, отбасымызды қалай асыраймыз?", - дейді Ақылбек Сағидоллаев есімді құрылысшы.
"Жұмыс істегенде жаба берейік, жаба берейік. Он күн ішінде он бес күнде береміз деді. Солай істетті. Үш айдан бері ақша жоқ. Оңай емес қой. Кредит уақыт тоқтатып тұрмайды. Пения қосылып жатыр", - дейді Дархан Себепов есімді тағы бір құрылысшы.
Бұл нысандарда 35-ке жуық бригада жұмыс істеген. Кірпіш қалаушылардан бастап, әрлеушілер, дәнекерлеушілер барлығына мердігер мекеме 135 миллион теңге көлемінде берешек. Олар облыстық еңбек инспекциясына арызданған.
"Арыз шағым тіркеліп, енді жақын арада тексеріс болып, анықталған жағдайда нұсқама беріліп, айыппұл салып, сосын бүкіл үстемесімен қосы алып беруге әрекет жасаймыз", - дейді облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Искарин.
Мердігер мекеме өкілі қаржы жағынан қиындық болып жатқанын жеткізді.
Уәдеге тойған құрылысшылар айтылған уақытта жалақы төленбесе, прокуратураға арыздануға бел буып отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова