Ақтөбеде Harmony Rider Technology (HRT) атты қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету, сондай-ақ, қылмыстық жолмен келген қаражатты заңдастыру дерегі бойынша сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тергеуді ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаменті жүргізді. 2024 жылы бір топ адам өзін шетелде электрсамокат сатып алып, жалға берумен айналысатын халықаралық компания ретінде таныстырып, қаржы пирамидасын ұйымдастырған.
ҚМА мәліметінше, салымшыларға төленетін табыс жаңа қатысушылардан тартылған қаражат есебінен берілген.
"Азаматтарды тарту үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарнама жасалып, офлайн кездесулер ұйымдастырылған. Бұл істі заңды етіп көрсету мақсатында Ақтөбе қаласында кеңсе жалға алынып, үгіт-насихат жүргізілген. Салым сомасы 350-ден 20 000 АҚШ долларына дейін, ал уәде етілген табыс тәулігіне 12-ден 690 АҚШ долларына дейін жеткен", - деп жазылған хабарламада.
Заңсыз әрекет салдарынан 115 салымшы қаржы пирамидасына жалпы сомасы 197 млн теңгеден аса қаражат салған. Осы қаражатқа ұйымдастырушылар 3 көлік сатып алып, оның бірін туысының атына рәсімдеген.
Сот үкімімен ұйымдастырушыларға 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, 3 көлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!