Ақтөбеде бірнеше рет интернет алаяқтық жасады деген күдікпен екі жергілікті тұрғын ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Соталды тергеп-тексеру барысында күдіктілер танымал интернет платформада пәтерді жалға беру туралы хабарлама жариялағаны анықталған.
Олар Алматы қаласынан "жалға берілетін" пәтердің суреттерін жүктеп, қызықтырарлық баға ұсынған. Жазғы демалыс кезінде Алматыға қыдырып бармақ болған бірнеше адам осы жалған хабарламаның құрбаны болған.
"Күдіктілер қоңырау шалғандарға өзін пәтер иесі ретінде таныстырған. Олар алдын ала төлем талап етіп, 10 мыңнан 55 мыңға дейінгі сомада ақша аудартқан. Ақшаны иеленгеннен кейін жәбірленушілермен байланыс тоқтаған", - деді Ақтөбе облысы ПД өкілі.
Қазір төрт жәбірленуші анықталған. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілер Ақтөбе қаласынан екені белгілі болған.
Алаяқтық жасады деп күдікке ілінген 33 жастағы әйел мен 24 жастағы ер адам туған әпкелі-інілі екені де анықталған. Полиция бөліміне жеткізілген күдіктілер өз кінәсін мойындаған.
Алаяқтық дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова