- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбеде жол қашан...
Ақтөбеде жол қашан жөнделеді?
Ақтөбе облысындағы негізгі мәселенің бірі - жол. Шұрық-тесік жолдармен жүру мүмкін емес, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жол азабын тартқан жолаушылар ой-шұқыры көп жолдарды видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салып жатыр. Редакцяға жүргізушілердің бірі Хромтау бағытындағы жолды видеоға түсіріп жолдаған. Онда бір сағатта 15 шақырым жол жүріп келе жатқанын, шұрық-тесік жолмен жүрудің мүмкін емес екенін, әкімдердің қалай "жұмыс" жасайтынын осындай жолдан көруге болатынын айтады. "Қазавтожол" ҰК облыстық филиалының директоры Айбол Данағұлдың айтуынша, бұл жол "Батыс-Еуропа-Батыс-Қытай" халықаралық дәлізіне кіреді, яғни Самара-Шымкент тас жолы. 2004 жылы күрделі жөндеу жүргізілген. Содан бері тек беткі беті ғана жамалып келеді. Соңғы бес жылда ешқандай жөндеу көрмеген. Ал бұл жолмен күн сайын жүздеген көлік өтеді.
"Жолдың Ақтөбе-Қарабұтақ-Бөгетсай бағыты бойынша арыз-шағым көп түседі. Бұл маңдарда сәуір айынан бастап шұңқырларды бітеу жұмыстары басталды. "Қазавтожол" серіктестігі жолды күтіп ұстау жұмыстарымен айналысады. Ол жерде бес бригада жұмыс істеп жатыр. Біраз жердің шұрық-тесігі бітелді. Кейбір жерлердің асфальтын кесіп алып, қайта салып жатырмыз. Қай жердің жолы нашар екенін, барлығын білеміз, схема бар. Жөндеу жұмыстары шілденің соңына дейін аяқталады, - деді Айбол Данағұл.
Аталған жолмен Ақтөбеден екі бағытқа көлік қатынайды. Біріншісі, оңтүстік бағытта Қызылорда, Шымкент, Тараз, ал екіншісі - Қостанай.
Сондай-ақ алдағы уақытта Ақтөбе-Қарабұтақ бағыты бойынша төрт жолақты жол салу жоспарланған. Қаражат бөлінсе, құрылыс басталады.
Кәмшат Сексенбай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы