Ақтөбені қақ жарып өтетін Жіңішке өзенін қаланың кәріз құдықтарынан аққан су ластап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жіңішке өзені қаланың ортасымен ағып, Елек өзеніне құяды. Алайда өзеннің экологиялық жағдайы мәз емес. Шаһардың кәріз құдықтарынан аққан су осы өзенге құйылған. Бұл жағдайды алдымен табиғат жанашырлары байқады. Instagram әлеуметтік желіcіндегі Aktobe_dyshi парақшасында бейнежазба тарады. Онда кәріз суы Жіңішке өзеніне құйылып жатыр. Су әбден ластанған. Табиғат жанашырлары бұл жерде тіпті тыныс алудың мүмкін емес екенін айтады.
Аталған мәселе бойынша облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Талап Ұсандинге хабарластық. Оның айтуынша департамент мамандары ластанған аумақтан сынамалар алған.
"Жіңішке өзенінің аммиакпен ластанғаны анықталды. Бұл өзен Елеккке құяды. Сондықтан сынаманы Елек өзенінен де алдық. Онда ластану көрсеткіші байқалмады. Ал кәріз құдығының иесін анықтай алмай жатырмыз. "Aqtobe su-energy group" мекемесі құдықтың өздерінікі емес екенін айтты. Иесі болмағаннан кейін ешкімге шара қолдана алмаймыз", - деді Талап Ұсандин.
Кәріз суының қанша уақыттан бері өзенге ағып жатқанын ешкім білмейді. Мамандар тексеруге барғаннан кейін сол күні су өзінен өзі тоқтап қалыпты. Басқарма өкілінің айтуынша бұндай құдықтар қалада көп көрінеді. Қазір әкімдікке иесіз құдықтарды анықтау жөнінде ұсыныс айтылған.
Кәмшат Сексенбай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!