Ақтөбедегі жекеменшік университет бір күнде 350 студентті оқудан шығарып жіберген. 100 шақтысына "оқу ақысын төлемедің" десе, қалғанын сабаққа келмегені үшін жазалапты. Енді студенттер мен оның ата-аналары оқу жылы аяқталуына санаулы ай қалғанда не істерін білмей отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
"Ескертусіз оқудан шығарып жіберді. Біз оны бір апта бұрын естідік. Бір жеті бұрын келгенмін. Әне кел, міне кел деп созбалаңдап бір жетіге созды. Осы жылды аяқтауға мүмкіндік берсін. Обал ғой, қаншама ата-ана, қаншама оқушы?! Әрі қарай оқуды талап етпеймін, биылғы оқу жылын аяқтауға мүмкіндік берсін", - дейді Динара Бекмурзина.
Екі мыңнан аса студенті бар Қазақ-орыс халықаралық университетінде күнде шу. Сандалған ата-аналар мен студенттер сессияны аяқтауға мүмкіндік берсін деп талап етіп отыр. Әрі қарай көбі мұнда оқығысы келмейді екен.
Телеарна мәліметінше, ректор бұйрығында 91 студент оқу ақысын төлемегені айтылған. Ал қалған 259 студент сабаққа жөнді қатыспады делінген. Осы мәселемен өңірдегі әкімдік пен министрлік те айналысып жатыр.
Жиналған ата-аналар және студенттермен кездесуге облыс әкімінің орынбасары келген.
"Студенттер университетпен ешқандай байланыста болмаған. Ақпаннан бастап осы уақытқа дейін тексерісті ректор жүргізді. Соның нәтижесінде шыққан. Біздің қолымыздағы зат емес. Ректордың бұйрығымен шығарылып отыр. Ректордан хабар күтеміз", - деді Қазақ-орыс халықаралық университетінің бөлім басшысы Ақнұр Қадырбек.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова