Бүгінгі таңда «Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімі» мекемесінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесіне 2003 жылдан бері 102 440 азамат кезекте тұр. Бұл туралы «ҚазАқпараттың» сауалына Ақтөбе әкімдігінен хабарланды.
Атап айтқанда, бекітілген жоспар бойынша 2017 жылға 10 000 жер учаскесін, 2018 жылға 9000 жер телімін бөлу жоспарлануда. Бүгінгі күні жеке тұрғын үй құрылысы үшін бөліп беретін бос алаңдар дайын емес. Дегенмен де аталған 19000 азаматтың өтініштерін қанағаттандыру үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай отырған және коммуникациялық желілер жақын орналасқан аумақтардан алаңы - 2970 гектар жер учаскесі қаланың жер қорына қайтарылып, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегінде тұрған азаматтардың 23200-ге жуығының өтінішін қамтуға болатын егжей-тегжейлі жоспарын жасауға мүмкіншілік бар көрінеді.
«Жоғарыда аталған жаңа жер телімдерінің бір бөлігіне және бұдан бөлек осы уақытқа дейін бөлінген жер учаскелеріне инженерлік желілерді жүргізу үшін құрылыс монтаждау жұмыстары жыл аяғына дейін басталатын болады.
Бұдан бөлек, бүгінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін бөлініп беретін бос алаңдардың жетіспеуіне байланысты коммуникациялық желілер жақын орналасқан аумақтардан алаңы - 1070 гектар болатын шамамен 8500 жер учаскесі ескеріліп отыр. Осы ретте «Благодарный» селолық округінен «Ақшат-3» тұрғын алабына көлемі 120 гектар, «Новый» ауылдық округінен «Жаңақоныс-2» тұрғын алабына көлемі 150 гектар, «Сазды» ауылдық округінен «Бауырластар-3» алқабына 150 гектар, «Қарғалы» ауылдық округінен «Парасат» тұрғын массивіне 500 гектар жер теліміне және «Думан» тұрғын алабына 150 гектар жер учаскесіне жоспарлау жобалары дайындалып, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегінде 2006 жылы тұрған азаматтың өтінішін қамтуға мүмкіншілік бар.
Руслан Ғаббасов