Ақтөбеде жасөспірім қаза тапқан топтық төбелеске қатысты сот шешімі шықты

Фото: Видео кадры

Ақтөбенің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында колледждің 17 жастағы студенті қаза тапқан жаппай төбелеске қатысқандарға сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

30 қазанда Ақтөбеде жаппай төбелеске қатысқан алты адамға үкім шығарылды. Олар кінәсін ішінара мойындады. Сот осы жайтты бастаған адамды 18 жылға бас бостандығынан айырды. Тергеу бойынша пышақ жарақатын салды деп саналатын тағы бір адам 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

"Сот сотталушылардың жасын, небәрі 20 жаста екенін, сондай-ақ олар бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын ескерді. Соған қарамастан, екеуі де аса ауыр қылмыс жасады. Жүргізілген барлық сараптама олардың кінәсін дәлелдеді", - деді төрағалық еткен судья Нұрлан Бақтығалиев.

Тағы төрт сотталушы "Бұзақылық" бабы бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұл іс бойынша әртүрлі жарақат алған жәбірленушілер де бар. 

"2024 жылғы 2 қаңтарда Ақтөбе қаласының Ақжар және Қызылжар елді мекендерінің тұрғындары арасында туындаған түсінбеушіліктен Қызылжар елді мекеніндегі "Алмаз" дүкенінің алдында Ұ. пен М. қылмыстық құқықбұзушылықты тiкелей жасағандары, төбелес кезінде кәмелетке толмаған О-ның екі жақ жамбасына пышақ салып, жәбірленуші қатты қан кетуі салдарынан ауруханада қаза болғаны, сонымен қатар Ұ-ның, Ғ-ның арқасына пышақпен бір соққы жасап, денсаулығына ауыр зиян келтіргені, алайда Ғ. уақытылы көрсетілген кәсіби медициналық көмек нәтижесінде тірі қалып, Ұ-ның адам өлтіруге деген ойы өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейiн жеткiзiлмегені анықталды", - деп жазылған сот хабарламасында.

Бірақ қайтыс болған студенттің анасы үкіммен келіспейді.

"Олар да ұзақ мерзім алып, темір тордың артында жазасын өтеуі керек. Үкімге шағымданамын", - деді марқұм студенттің анасы Ботагөз Жайтақова.

Оқиға қалай болды?

2024 жылы 3 қаңтарда түн ортасында 102 пультіне Ақтөбенің қасындағы Қызылжар ауылында орналасқан "Алмаз" дүкенінің маңында топтық төбелес болып жатқаны туралы шақыру түскен.

Кәмелетке толмаған екі баланың арасында Instagram желісінде жанжал шыққан, кейін жасөспірімдер мәселені әрі қарай шешу үшін "Алмаз" дүкенінің маңында кездеспек болған. Осы жерде төбелес шығып, салдарынан 4 адам жарақаттанып, 1 адам қаза тапты.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова