Ақтөбеде мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған жаңа көпқабатты үйлердің тұрғындары бірнеше айдан бері газсыз отыр. Амалсыз электр плитасымен ас әзірлеп жүрген жұрт енді жарықтың төлемі қанша болып келер екен деп алаңдап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Газ жоқ, сондықтан бәрі тамақты токпен пісіреді. Көпбалалы отбасылар үшін бұл - орасан зор шығын. Қомақты шоттар жиналып қалды. Келесі айда қанша сома келетінін елестетудің өзі қорқынышты. Оны қалай төлейміз? Газ туралы сұрасақ, бізді бір мекемеден екіншісіне сілтеп жібереді", - деп шағымданды Салтанат Жиенбаева.
Тоғыз қабатты үйлерден пәтерлерді көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар жандар алған. Тұрғындар бұл баспананы 15 жыл бойы күткен. Пәтерлер 2 пайыз жеңілдетілген ипотекамен ресімделген және ай сайынғы төлемдерді жұрт уақытылы төлеп отыр. Алайда, қоныс тойын тойлағандардың айтуынша, пәтерден кемшіліктері анықталған. Әсіресе арбаға таңылған жандарға қиын соғып тұр. Олар есік ойықтарының тым тар екеніне, ал орнатылған пандустың мүлдем қолайсыздығына және қыста қауіпті болуы мүмкін екеніне шағымданып жатыр.
"Бұл электрлі пандус қыста қатып қалады. Оны білемін. Одан да жатық етіп, кәдімгі бетоннан жасаған дұрыс еді. Сонда ыңғайлы әрі қауіпсіз болар еді", - деді Серік Құлмырза.
Қалалық құрылыс бөліміндегілер тұрғындардың газсыз қалуы салғырттықтан емес деп сендірді. Қазір мамандар газ құбырын тексеріп, жүйені міндетті сынақтан өткізіп жатыр.
"Қазір газ құбырын сығымдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жүйенің қауіпсіздігін тексеру үшін қажет. Сынақ жұмыстары толық аяқталғаннан кейін газ беріледі. Жоспар бойынша бұл тамыздың аяғына дейін жүзеге асуға тиіс", - деді Ақтөбе қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің бас маманы Сапармұрат Баймұратов.
Ал тұрғындар әлі де күтуге мәжбүр. Әкімдіктегілер көпқабатты үйлердің әлі де кепілдік мерзімінде екенін, демек, мердігер барлық құрылыс кемшіліктерін өз есебінен жоюға міндетті екенін еске салды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!