Ақтөбеде ғұн дәуірінен қалған жүздеген жәдігер жеті елдің ғалымдары қатысқан халықаралық конференцияда көрсетілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Хабар 24 телеарнасына сілтеме жасап.
Олардың арасында аттың алтынмен апталған әбзелдері мен қарудың неше атасы бар. Тарихшылар "Халықтардың Ұлы қоныс аударуы қарсаңындағы далалық тайпалар" атты жиын аясында сол кезеңдегі оқиғаларды кеңінен сөз етті. Халықаралық конференция ел тарихындағы ең маңызды оқиға – Халықтардың Ұлы қоныс аударуы тақырыбында өрбігенімен, негізінен ғұндардың кезеңі туралы айтылды. Себебі шығыстан батысқа қарай көш түзеуге сол тайпаның үлесі мол болған.
Ғалымдардың айтуынша, олар Еуразия кеңістігін шарлап, шығыс Еуропаға дейін жеткен.
"Біздің заманымыздың ІІ-ІV ғасыр аралығы Моңғолия, солтүстік Қытай өңірінен қоныс аударған ғұн тайпаларының 2,5 ғасырдай уақыт бойғы негізгі тұрағы осы Қазақстан территориясы, соның ішінде батыс Қазақстан өңірі деп қазір нақты айта аламыз. Себеп осы соңғы жылдардағы 2-3 жылдық зерттеулердің нәтижесінде біз мыңға тарта ғұн дәуірінің ескерткіштерін анықтап отырмыз. Үлкен зерттеулер алдағы жылдардың еншісінде деп ойлаймын", - дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали.
Ғұндардың біздің жерімізде қоныстанғанына дәлел, еліміздің 4 облысында жәдігерлер табылды. Оның ішінде 4 жыл бұрын Елек өзенінің жағасынан табылған алтын әшекейлер өте құнды. Қазба жұмыстары кезінде мамандар ер-тоқым, қылыш сабы секілді көптеген бұйым тапқан. Сол заттардың негізінде атты жауынгердің сұлбасы жасалды.
"Мұндай дәрежеде әшекеленуі осы заттарды ұстаған адамның қоғамдағы дәрежесі өте жоғары, биік болғанын, бұл көсем бе, әлде рубасы ма, сондай болған болуы керек. Өйткені мұндай заттардың әшекелену деңгейі – оларда қашанда қоғамда адамның дәрежесінің белгісі", - дейді Ә. Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Қалиолла Ахметжан.
Ғұндар кезеңінен қалған жәдігерлер негізінен еліміздің батыс өңірлерінде көптеп табылған. Тек Ақтөбе облысының аумағында сол дәуірден сыр шертетін мыңға жуық ескерткіш пен 200-ден астам қорым анықталыпты. Онда жүргізілген қазба жұмыстары барысында көптеген заттар табылған. Оның арасында сүйектен, темірден, қыштан, алтыннан жасалған бұйымдар да бар. Ғұндардан өзге, көне дәуірдегі халықтардың болмысы мен мәдениетін зерттеу – бірқатар ел үшін ортақ міндет.
Сондықтан ғалымдар әрі қарай да еңбек ету керектігін айтады. Бұған дейін жүргізілген ғылыми зерттеулер бойынша жазылған 2 кітаптың тұсауы осы конфернцияда кесіліп, Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының батысқазақстандық филиалы ашылды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!