- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбеде газ құбыры...
Ақтөбеде газ құбыры жарылды: шенеуніктер апат туралы айтты
Ақтөбеде "Береке" тұрғын үй алабы аумағындағы газ реттеу станциясының құбыры жарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Апат кеше түнде болды. Әуелгіде қала жұртшылығы қатты шудың неден шыққанын білмеді. Кейін қалалық әкімдік әлеуметтік желі арқылы "Береке" тұрғын үй алабындағы газ құбырынан ақау шыққанын хабарлады. Оқиға орнына төтенше жағдай қызметкерлері мен "ҚазТрансГаз аймақ" мамандары жетті. Жедел жәрдем бригадасы барды. Газдың ауаға таралуы тоқтатылды. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда комиссия құрылып жатыр. Бүгін облыс әкімдігінде осыған байланысты брифинг өтті. Алайда тиісті мекеме өкілдерінің айтуынша, апаттың неден болғаны әзірше белісіз.
"Кешкі сағат 9:45-те Газ реттеу станциясы- 300 де қысым төмен түсіп кетті. Себебі "Береке" тұрғын үй алабы маңында құбырдан газ шыққан. Сол маңдағы тұрғындар, жүргізушілер хабарлаған. Дереу құтқару қызметі жетті. Құбырды жапты. 22:45-те ол жердегі ауаға шығып жатқан газды тоқтаттық. Комиссия тексереді. Ақаудың неден, қалай болғаны анықталады. Біздің көріп отырғанымыз дәнекерлеген қақпақ ұшып кеткен. Диаметрі — 300 миллиметр. Содан газ шыққан. Біздің, құтқару қызметінің тез қимылдауының арқасында апаттың алдын алдық. Ауаға 12 мың текше метр газ тарады. Газға от тисе өте қауіпті. Неге өртенбеді дегенге келсек, сол жерде бұлақ бар екен. Жері сулы боландықтан аман қалды. Негізінде бұндай жағдайда өртенуі мүмкін еді. Әрі сол күні жаңбыр болып, Құдай қарасты", - деді облыстық магистралді газ құбырлары басқармасының директоры Ділдабай Тайшымов.
Ал "ҚазТрансГаз аймақ" ЖЗҚ директорының бірінші орынбасары Ельдар Ваисов құбырдан ақау шыққанымен қосымша желі арқылы қалаға газ беру тоқтамағанын айтты. Сондай-ақ ол апатқа кім кінәлі, қалай болды, салдары қандай, бұл жөнінде ештеңе айта алмайтынын, барлығы комиссия қортындысынан кейін белгілі болатынын жеткізді.
Ақтөбе қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Болат Серіковтың айтуынша, аталған желіге 2020-2021 жылы құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілген. Мердігер — "МБК Құрылыс" мекемесі. Айтуынша, қазіргі таңда комиссия құрылып, тиісті мекеме мамандары да сол маңда жұмыс жүргізіп жатыр. Ақаудың неден шыққаны анықталмақ. Болат Серіков құбырдың бүлінген жері бір-екі күнде жөнделетінін айтты.
Кәмшат Сексенбайқызы
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан