Ақтөбеде есірткі таратқан ерлі-зайыпты 11 жылға сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Былтыр Ақтөбе облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері арнайы жасақпен бірлесіп мақсатты жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында Ақтөбеде 27 жастағы әйел мен 40 жастағы ер адамды ұстады. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ерлі-зайыптының екеуі де есірткіге мас күйде болған. Оларды жеке тінту, тұрғылықты жерін және есірткі қойған жерлерін тінту барысында жалпы салмағы 1,5 келі синтетикалық-психотроптық заттар тәркіленді.
Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 2023 жылғы мамырда Ақтөбе қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен ерлі-зайыпты сату мақсатында аса ірі көлемде психотроптық заттарды сақтағаны мен тасымалдағаны үшін кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!