Ақтөбеде ескертуді елемей жолға шыққан жүргізушілер жарты жолда қарға батып тұрып қалған

Ақтөбе облысында кейінгі екі күнде толассыз қар жауып, қатынас қиындады. Әсіресе, шалғайдағы ауыл халқы орталыққа жете алмай жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мұғалжар ауданы Құмсай ауылының тұрғындары қыс басталса қатынастың қиындайтынын айтып отыр. Бүгін таңертең Құмсайдан Ембіге қарай шыққан бірнеше көлік орта жолда қарға батып тұрып қалған. Жүргізушілер өзі шығуға талпынғанмен, нәтиже болмаған.

"Ауылдан таңғы жетіде Ембіге қарай шықтық. Екі орта 90 шақырым, бірақ он шақырым жердің өзін әрең жүрдік. Орта жолда тұрмыз. Алты көлік тұрмыз. Оның ішінде студенттер, жұмысқа бара жатқан адамдар бар. Бірі жұмысынан, енді бір басқа шаруасынан қалды. Сағат 14:00 болды, әлі тұрмыз. Трактор енді келіп жатыр", - деді жүргізуші Әділбек Жақсылық.

Тұрғындар "қыс басталса көретін күніміз - осы" дейді. Қақаған қыста біреу ауырып қалса, орталыққа жету мұң деп отыр.

Ал әкімдіктегілердің айтуынша,  бұған дейін ауылда жол қатынасы болған. Ал кеше кешке ауа райы күрт құбылып, боран соққан. Ауыл тұрғындарына жолға шықпау туралы ескерту беріліпті. Алайда жүргізушілер бұған құлақ аспаған көрінеді.

"Құмсай ауылының төрт тұрғыны ескертулерді тыңдамай жолға шығып кетті. Құмсай, Бұлақты ауылы бағытындағы көтерме жолды үш жерде қар басып тұр. Сонымен қатар төрт автокөлікті қар құрсауынан шығару үшін аудан әкімдігі арнайы екі МТЗ-82 тракторын жіберді. Қазіргі таңда автокөліктер қар құрсауынан шығарылып, Ембі бағытына жүріп кетті", - деді Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Бекболат Құлмағамбетов.

Бекболат Құлмағамбетовтың айтуынша, жолды тазартуға қатысты жарияланған конкурстың қорытындысы бүгін белгілі болған. Бұл мақсатқа 17 миллион 842 мың теңге бөлініпті. Ал тендердің жеңімпазы - DSI Group серіктестігі ертеңнен бастап ауылға қар аршитын көліктерін апарады.

Кәмшат Қопаева

 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!