Ақтөбеде ер адам жүргізушілерді алдаудың "ерекше тәсілін" ойлап тапқан. Ол жаяу жүргіншілер өткелінде өзін көлік қағып кеткендей етіп көрсеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тексеріс барысында оның мұндай әрекетке екі рет барғаны анықталған. Оның сөзіне сенген жүргізушілер мобильді қосымша арқылы ақша аударған.
Бір жағдайда 250 мың теңге, екінші жағдайда 200 мың теңге берілген. Келтірілген жалпы шығын көлемі - 450 мың теңге.
Кейін жүргізушілердің бірі болған жағдайға күмән келтіріп, полицияға жүгінген. Тексеріс барысында ақпарат расталып, ер адам анықталып, күдікті ретінде танылған.
"Қазір бұл іс бойынша оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр", - деді ІІМ өкілдері.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова