Ақтөбеде уақытша ұстау изоляторынан екі адам қашып кеткен. Оның біреуі ұрлық , екіншісі бұзақылық жасағаны үшін темір торға қамалған. Бір камерада отырған екеуі өзара келісіп, қашуды жоспарлапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Түнгі үштің шамасында кезекші полиция қызметкерлері ұйықтап жатқанын пайдаланып, темір тор есікті өздері ашып, сыртқа шыққан. Сосын негізгі есік арқылы кедергісіз далаға шығыпты.
Полиция қызметкерлері екеуінің жоқ екенін тек таңертең бір-ақ білген. Қашқындарды дереу іздеп тауып, түрмеге қамады.
Екеуі де өз кінәсін толық мойындады. Ал ұйықтап кеткен кезекшіліктегі полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеріс басталып, қылмыстық іс қозғалған.
"Ұйықтап жатқан уақытша ұстау изоляторының кезекші қызметкерлерінің қасынан дыбысын шығармай, екі қолдарына аяқ киімдерін ұстап өтіп кеткен. Бірден екінші қабатқа көтеріліп, ғимараттан шығатын есік іздеп төменге түскен. Бірінші қабаттағы жабық тұрған магнитті темір есікті бұзып, сыртқа шығып қашқан", - деді қалалық прокуратураның аға прокуроры Әсел Өтенова.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз