Бұрынғы әйелі мен балаларын ұрып-соққан ер адам сотталды. Оқиға Ақтөбеде болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қала тұрғыны бұрынғы әйелі мен балаларына алкогольдік масаң күйде барып, жанжал шығарып, көшеде кәмелетке толмаған ұлдарына тиісіп, қол жұмсаған. Балаларын бұл жерден дереу алып кетуге тырысқан анасын қуып жетіп, қасақана ниетпен әйелге бірнеше соққы жасаған.
Бұл дерек бойынша Ақтөбе полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 109-1-бабымен дереу қылмыстық іс қозғап, күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамады. Тиісті сараптамалар тағайындалып, жан-жақты тергеу амалдары жүргізілді.
21 қарашада осы іс бойынша сот үкімі шықты. Екі немесе одан да көп адамды және кәмелетке толмағандарды ұрып-соққаны үшін сот үкімі бойынша ер адам 45 тәулікке қамауға алынды.
Сонымен қатар оған ерекше талаптар белгіленіп, алкоголь және есірткі өнімдерін қолданбау, сондай-ақ ішкі істер органдарына айына үш рет келуге міндеттелді. Бұған қоса, сотталушының бір жыл мерзімге жәбірленушімен кез келген байланысына тыйым салынды.
Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз