Ақтөбеде бұрын-соңды асфальт төселмеген көше жолдары жаңарып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаланың Кірпішті-2 елді мекенінің жолдарына бұрын-соңды асфальт төселмеген. Халық қанша жылдан бері жолдың нашарлығынан қиналып кетті. Ал биыл қаладағы бірнеше ауданда жол салу жұмыстары жүріп жатыр. Мердігер мекеме өкілі шілденің соңына дейін жеті көше жолына асфальт төселетінін айтты.
"Жеті көшенің жолын асфальт төсеуге дайындап қойдық. Алғашқы жұмыс Аламан көшесінің жолынан басталды. Бұдан кейін Атамекен, Тәттімбет жырау, Үстірт көшелерінің жолына кезекпен асфальт төсей береміз. Жалпы бұрын соңды бұл көше жолдарына асфальт төселмеген. Сондықтан барлығын мұқият жасауға тырысып жатырмыз. Сондай-ақ көшелердің бәріне де суағар, тротуар салынып, екі жағынан да жарықтандырылады. Осы шаруалардың барлығы аяқталған кезде елді мекен көркейе түседі деген сенімдеміз , - деді "Ассана Дорстрой" ЖШС учаске басшысы Амангелді Қарақов.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы көшесінің жолына да асфальт төселмеген. Тұрғындар көктем мен күзде қиындық көреді. Ал биыл көше жолы толық күрделі жөндеуден өтеді. Қазіргі таңда жолға асфальт жабындысының төменгі қабаты төселіп, тротуар салынып жатыр. Көше бойына бағаналар орнатылып, Philips компаниясының шамдары қондырылды. Қала әкімі Азамат Бекет аталған ауданға барып құрылыс жұмыстарын көрді.
Кәмшат ҚОПАЕВА
Тағы да оқи отырыңыздар: Көпбалалы аналарға қандай жеңілдіктер жасалады?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз