Ақтөбеде айналдырған бір аптада жол-көлік апатынан 15 адам қаза тапты. Футбол жарысына бара жатқан оқушылар мерт болған жерде тағы да көліктер соқтығысты. Бұл жолы екі адам бақилық болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Сенбі күні Самара-Шымкент бағытындағы халықаралық трассада жеңіл көлік пен жүк көлігі бетпе-бет түйіседі. Lada largus-тың жүргізуші мен жолаушысы сол жерде тілге келместен көз жұмған. Соқтығысқан қос көлікте шетел азаматтары болыпты. Марқұмдар Өзбекстаннан, ал жарақат алған жүк көлігінің жүргізушісі Тәжікстаннан. Өткен аптада дәл осы маңда бе оқушы мен үш адам қаза тапқан болатын.
Екінші жол көлік апаты Мұғалжар ауданында болды. Мұнда да жеңіл машина мен жүк көлігі соғылып, екі адам мерт болды.
"Ембі қаласы маңында болған жол көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Жүргізуші мен жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Сонымен қатар жеңіл көліктің екі жолаушысы мен жүк көлігінің жүргізушісі әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді", - дейді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз