Ақтөбеде банктердің бірінің менеджері 777 миллион теңгеден аса қаржы жымқырғаны үшін сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қалалық №2 соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Сот К. 01.07.2017-05.04.2021 аралығында алаяқтық жасады, яғни өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, С. АҚ банкінің ақпараттық жүйесін пайдаланушылардың сенімін пайдалану немесе алдау жолымен 777 миллион теңгеден аса сома бөтеннің мүлкін ұрлағаны анықталды", - делінген хабарламада.
Сот отырысында сотталушы келтірілген шығын мөлшерімен келіспей, өз кінәсін толық мойындамаған. Соттың баспасөз қызметі мәліметінше, сотталушының кінәсі сот-экономикалық сараптама, сондай-ақ, қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденген.
Прокурор сотталушыны 10 жыл бойы банк саласында қызмет атқару құқығынсыз 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сотталушының кішкентай баласы бар болғандықтан, сот жазаны жеңілдеткен. Менеджер Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі, 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол алдағы 10 жылда банк секторында қызмет атқара алмайды.
Сот үкімі заңды күшіне енбеген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!