Ақтөбеде балалары су спортымен шұғылданатын ата-аналар жанайқайын айтты

Ақтөбеде су спортымен тегін шұғылдануға мүмкіндік беретін бассейндер жабық тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін Ақтөбеде балалары су спортымен шұғылданатын ата-аналар "Чайка" бассейнінің алдына жиналып, жанайқайларын айтты. Аталған бассейн былтыр күрделі жөндеу үшін жабылған. Содан бері балалар жеке бассейндерде жаттығып жүр. Бұған қаржы облыстық спорт басқармасы тарапынан төленіпті. Ал қарашадан бастап жеке бассейндер оқушыларды тегін қабылдамайтынын айтыпты. Себебі "спорт басқармасынан қаржыландыру тоқтады" деген. Ата-аналар енді балаларын қайда апарарын білмей, дал. Ал жоспар бойынша биыл мамырда ашылуы керек бассейн құрылысы әлі аяқталмапты. 

"Қыркүйек айы басталғаннан бері  "Посейдон", "Дүние" бассейндеріне апарып жүрдік. Оларға қаржыны облыстық спорт басқармасы төледі. Енді бірінші қарашадан бастап олар қаржыландыру тоқтады, сіздерді тегін қабылдай алмаймыз деп отыр. Сонда біз балаларымызды қайда апарамыз? Мемлекеттік екі бассейн де жөндеуге жабық тұр. "Чайканы" мамырда ашылады деді, бірақ әлі құрылысы аяқталмапты", - дейді ата-ана Айгерім Алмұратова.

Жүзумен шұғылданатын жас спортшылар әр жерде жаттыққанның кесірінен, биыл жарыстарда жүлдеге іліге алмаған. Ата-аналар балаларымыздың қанша жылғы еңбегі зая кетті деп ашынады.

"Балалардың басым бөлігі жарысқа қатысып жүргендер. Менің де немерем облыстық сайыста жүлде алған. Әр жерде жүргесін, жаттығу уақыты да қысқарды. Бұның барлығы балаларға қатты әсер етіп отыр. Тездетіп, жөндеуді аяқтап, іске қосып берсе екен", - деді зейнеткер Есберген Аралбаев.

 Ал "Чайка" бассейнінің басшылығы мердігердің жауапсыздығынан құрылыс созылып кеткенін жасырмады. Соңында бассейн қызметкерлері жөндеу жұмысын өздері аяқтапты. Ал спорт басқармасындағылар балалардың жаттығуында ешқандай мәселе жоқ деп отыр.  

"Балалардың жаттығу жасауы үшін ешқандай мәселе жоқ. Бізден қаражат бөлініп жатыр. Арендаға "Посейдон" секілді бассейндерді алдық. Олар толықтай қаржымен қамтылған. Себебі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, бассейндерді арендаға алып, балалардың тегін жүзуіне жағдай жасадық. "Чайка" бассейні алдағы аптада іске қосылады", - деді  Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Шығыс Шоқпытов. 

Жалпы, қалада бұдан бөлек, жүзумен тегін айналысуға мүмкіндік беретін екі бассейн бар. Оның біреуі апатты жағдайда тұр. Ал екіншісі қаңтарда іске қосылады екен.

Кәмшат ҚОПАЕВА

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!