Ақтөбеде қызметкерлері бүлдіршіндерді ұрып-соқты деп айыпталған жекеменшік балабақша жабылды. Облыстық білім басқармасы мекемедегі заңсыздықтарға байланысты мемлекеттік тапсырыспен ақша беруді де тоқтатқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Комиссияның тексеруінен соң мекеме құрылтайшысы жұмысын тоқтатқаны туралы әкімдікке хабар берген. Білім басқармасындағылар "Амир" балабақшасында санитария талаптары да сақталмай, бала тәрбиесіне жөнді қарамағынын енді біліп отыр.
"Бүгіннен бастап балабақша жұмыс істемейді. Ал осыған дейін мемлекеттік тапсырыспен "Амир" балабақшасына барып жүрген 70 баланы ата-аналар келісімімен басқа, Ақтөбеде орналасқан балабақшаларға жібереміз", - деді Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.
Ал балалардың таяқ жеуіне қатысты тергеумен полиция департаменті айналасып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбедегі жеке балабақшалардың бірінен дау шыққан еді. Ата-аналар балаларының үйге үсті-басы көгеріп, түрлі жарақатпен келетінін айтқан.
Балалар әр жерде еденде, мұздай кафельде ұйықтайды. Сырт киімдері жан-жақта шашылған. Ас ішетін бөлмеде де антисанитария. Балабақшада бейнебақылау камерасы бар, бірақ ата-аналардың сөзінше, жылаған баланы камера жоқ асханаға бес-алты сағатқа қамап қоятын көрінеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!