Ақтөбеде жаңа бейнекамералар пайда болған соң айыппұл тұрақтарында көлік толған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengri Auto-ға сілтеме жасап.
Биыл 16 тамызда Ақтөбеде жылдамдықты өлшейтін 66 жаңа бейнебақылау камерасы іске қосылды. Полицейлердің айтуынша, осы сәттен бастап, арнайы тұрақтағы көліктер саны күрт өсті. Облыстық жол полиция басқармасының мәліметінше, күн сайын 30-ға жуық көлік тұраққа жеткізіледі.
"Бейнекамералар арқылы 58 мыңнан аса құқықбұзушылық тіркелді. Оның ішінде шетелде тіркелген 400 көлікке қатысты 4000 жылдамдықты шектеу бұзылған. Ақтөбе қалалық ІІБ қызметкерлері 35 миллион теңге қарызы бар басқа елдерде тіркелген 42 көлікті анықтап, арнайы тұраққа орналастырды", - деді Ақтөбе қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Мирхан Есенжолов.
Полицияның мәліметінше, қазір арнайы тұрақтың үштен бір бөлігі толған. Ал оның аумағы үш мың көлікке есептелген. Қазір мұнда мыңнан аса көлік бар.
"Күн сайын 20-ға жуық автокөлікті айыппұл тұрағына қоямыз. Жол қозғалысы ережелерін бұзғандар - көлікті мас күйінде жүргізу, жүргізуші куәлігінен айырылғандар да жиі ұсталады", - деді басшының бірінші орынбасары Ақтөбе қалалық ІІБ Мирхан Есенжолов.
Қожайыны бір айда жүзден аса жол ережесін бұзған "Лексус" көлігі де осында тұр.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері тамыздың ортасынан бері оның 119 заң бұзғанын айтты.
Айыппұлдың жалпы сомасы - 3 миллион 378 мың теңге. Тәртіп сақшыларының сөзінше, жүргізушіні бірден анықтау мүмкін болмаған, себебі көлік басқа елде тіркелген.
"Бұл Lexus көлігі Армения Республикасында тіркелген. Жүргізуші 16 тамыздан бері бейнекамералар қосылған кезде жылдамдықты бұзған", - деп хабарлады Ақтөбе қалалық ІІБ.
Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбе қазір республикадағы жол-көлік оқиғаларының саны бойынша үшінші орында тұр. Жыл басынан бері облыс орталығындағы жолдардағы апат салдарынан 30-дан аса адам қаза тапты.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!