Ақтөбеде Ана мен баланы қорғау орталығында жаңа туған нәресте қайтыс болғаны анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Босанған әйелдің өзі оқиғаға емдеу мекемесінің дәрігерлерін кінәлады. Әйел әлеуметтік желіде босану кезіндегі қорқынышты жағдайды бөлісті. Ол баласынан дәрігерлердің біліктілігінің жоқтығы мен уақытылы көмек көрсетпегенінен айырылдым деп санайды.
"Олар кесарь тілігін жасау үшін операция бөлмесін шұғыл түрде дайындай бастады. Анестезия салмас бұрын мен дәрігерлерге бірнеше рет баламның қозғалғанын анық сезгенімді айттым. Содан кейін маған анестезия салып, операция жасауға кірісті. Осылайша сәбиімнің қолын сындырып, иық бұлшықеттерін зақымдады", - деп жазды босанған әйел.
Әйелдің айтуынша, ол есін операциядан 2 сағаттан кейін жинаған, бірақ оған баланы бірден көрсетпеген. Себебі, жаңа туған нәресте реанимацияда болған. Кейінірек, оған баланы көруге рұқсат берген.
"Менің баламның қолы сынған, бұғанасы зақымдалған, аяқтарында гематома болды. Мен дәрігерлерден аяқтарының неге көгергенін сұрадым, олар маған "біз білмейміз, бала осындай жағдайда туылды" деп жауап берді. Кейін мені палатаға жіберді. Түнде екі рет баламда ішкі қан кету болды. Маған қан құюға қолыңыз керек деп алып келген құжатта 3870 ұл туып, бойы 56 сантиметр деп жазылған. Ал менде ұл емес, қыз еді", - деп жазған әйел.
Баланы құтқару мүмкін болмаған. Әйел отбасына жаңа туған нәрестенің өлімі туралы қорытынды берілмегенін айтып, кінәлі адамдарға қатысты шаралар қабылдауды сұрайды.
Ақтөбе медициналық орталығының өзінде сәбидің өлімі расталған. Тәуелсіз сарапшылар тартылып, оқиғаның себептері анықталып жатыр.
"Бізді біржақтылық үшін кінәлауы мүмкін. Бұл жағдай бізде болғандықтан, біз түпкілікті талдау үшін тәуелсіз 5 сарапшыны, яғни басқа клиникадан тиісті тәжірибесі мен мәртебесі бар гинекологты және неонатолог дәрігерді шақырттық. Олардың пікірін тыңдаймыз. Оларға жаңа туған нәресте мен босанған әйелдің ауру тарихы бар құжаттаманы бердік. Мамандар жағдай бойынша өз шолуларын бергеннен кейін, әкімшілікпен бірге ішкі аудит қызметінде түпкілікті талдау жүргізіп, тиісті шешім шығарамыз. Егер сарапшылар қандай да бір қателік, жіберіп алған мүмкіндік, тактикалық немесе емдік қателерді анықтаса, әкімшілік шаралар қабылдайды", - деп түсіндірді Ақтөбе облысының АМО директорының міндетін атқарушы Замза Хайруллина.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!