Ақтөбеде "Автопарк" иесі Мейіржан Үндіргеновтің ұлы мас күйде Lexus көлігін тізгіндеген, ал оның әйелі полиция қызметкерін қағып кеткен. Ұлы 15 тәулікке қамауға алынды, ал оның әйеліне қатысты қылмыстық іс қозғалып, үйқамаққа алынды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Диапазонға" сілтеме жасап.
29 жастағы Бекжан Lexus көлігін тізгіндеп, қарсы жолаққа шығып кеткен. Полицейлер оны тоқтатқаннан кейін ол медициналық тексеруге жіберілген. Оның мас күйде болғаны анықталды. Кейін ол медициналық мекемеден жүгіріп шығып, әйелінің көлігіне отырды. Көліктегі әйел күйеуімен бірге полициядан жасырынбақ болады. Әйел көлікті тоқтатпақ болған полиция қызметкерін қағып, оны капотта бірнеше метрге дейін сүйреген. Келесі күні құқық бұзғандар бөлімге жеткізілді.
Әкімшілік сот "Автопарк" иесінің ұлын 15 тәулікке қамауға алып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырды. Сотталушы көлікті мас күйінде жүргізбегенін, Lexus көлігін ағасы тізгіндегенін, ал өзі такси ұстағанын айтты. Бұл уәждер сотта расталмады.
Алайда құқықбұзушының әйеліне қатысты "билік өкіліне күш қолдану" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, ол қазір үйқамақта. Әйел қағып кеткен капитан зардап шекпеген.
Құқықбұзушының әкесі – Мейіржан Үндіргенов кәсіпкер, экс-депутат, "Автопарк" ЖШС-ның иесі. Ол тасымалдаушыға субсидия ретінде аударылған миллиондаған бюджет қаражатының ұрлануы бойынша айыпталған еді. Ол 2015 жылғы маусымда қамауға алынды. Оның үстінен алаяқтық, ұйымдасқан қылмыстық топ құру, заңсыз жолмен алынған ақшаны жылыстату, бопсалау баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Үндіргеновке 6 жылға жуық бюджет қаражатынан автопаркке жеңілдігі бар адамдар үшін аударылған 4,5 миллиард теңгені ұрлады деген айып тағылды. Тергеу барысында "Автопарк" ЖШС автобустардың жетіспейтіні туралы жалған ақпарат бергені анықталды.
2016 жылғы 1 тамызда Ақтөбе соты оны бірқатар айып бойынша ақтап, мемлекетке 900 миллион теңге залал келтіргені үшін ғана 4 жылға бас бостандығынан айырды.
2017 жылғы сәуірде сот рақымшылыққа байланысты оның жазасын төрттен бір бөлігіне қысқартып, сол жылдың жазында ол бостандыққа шықты, жазасының қалған бөлігі айыппұлға ауыстырылды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!