Ақтөбеде аутизм дертімен ауыратын жеткіншекті енді тікұшақпен іздестіріп жатыр. 13 жастағы Кәрім Жетірудің жоғалып кеткеніне бүгін төртінші күн. Осы уақытқа дейін оны "көрдім-білдім" деген ешкім жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Тікұшақ Елек өзенінің бойын, жағасындағы үйлерді жақыннан сүзіп шықты. Тал-терек пен ой-шұңқырды көктен тексеріп өткен дұрыс болар деп шешкен. Осыған дейін дрон аппараттары да үздіксіз ұшырылып келеді. 13 жастағы Кәрім төрт күн бұрын кешкі ағат бес шамасында Заречный-1 елдімекеніндегі ата-әжесінің үйінің ауласынан шығып кеткені көрші үйдің бейнекамерасына түсіпті. Одан өзге ешқандай да белгілі табылмай отыр.
Бала жоғалған аудандағы барлық құдық тексеріліп, кәріз жиналатын шұңқырлардағы сулар сорғызылған. Қаланың барлық жеріне парақша ілінді. Үш күн қатарынан сүңгуірлер Елек өзенін сүзіп те шыққан. Аутизм дертімен ауратындықтан жеткіншек сөйлей алмайды және ойлау қабілеті нашар. Нақты бағыт-бағдарын білмейді. Баласы жоғалған күні анасы жас босанып ұлды болған. Дәрігерлерге қолхат жазып, сол күні Кәрімді іздеу үшін перзентханадан шығып кетіпті.
"Бүгін тікұшақ қостық, әкесімен бірге полиция департаментінің бірінші орынбасарының өзі сонымен бірге қарап жүр. Теңізге қарай кетті, қарастыруға. Мына жерлерде таңғы жетіден бастап тікұшқпен шарладық", - дейді Ақтөбе ПБ ювеналдық полиция бөлімінің бастығы Бота Жалекешева.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!