Ақтөбеде ауруханаға науқасты апара жатқан жедел жәрдем көлігі батпаққа батып қалды. Медицина қызметкерлері түн жарымында құтқарушыларды шақыруға мәжбүр болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қала іргесіндегі Өлке ауылының тұрғыны аяғы жансызданып шұғыл жедел жәрдем шақыртқан. Реанимобиль уақытылы жеткенімен, елді мекеннен қайтар жолда балшыққа батып қалған.
Дәрігерлер мен ауыл тұрғындары әуелі көлікті батпақтан өздері итеріп шығармақшы болады. Бұл әрекетінен түк шықпаған соң 112 құтқару қызметіне хабарласқан.
Өрт сөндіру көлігімен жеткен құтқарушылар жедел жәрдемді балшықтан сүйреп шығарып, науқас екі жарым сағат дегенде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, 39 жастағы науқастың жағдайы қазір жақсы, емделіп жатыр.
"Ақтөбе медицина орталығына жеткізілді. Неврологтар қарады. Компьютер томографиясы жасалды. Инсульт деген диагноз шешілді. Бірақ "дірілдеп-қалшылдау синдромы" дейді, қазір сол диагноз бойынша емделіп жатыр", - дейді Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Іңкәр Қарашаева.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз