- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбеде әскери қызметші...
Ақтөбеде әскери қызметші қайтыс болған оқиға: офицер бас бостандығынан айрылды
Ақтөбеде әскери қызметші қайтыс болған оқиғаға байланысты офицер бас бостандығынан айырылды. Ол жаттығу алаңын жарылмаған оқ-дәрілерден тазартуы керек болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой Город" басылымына сілтеме жасап.
Әскери соттардың баспасөз қызметі мәліметінше, Ақтөбе гарнизонының әскери сотында қызметіне немқұрайды қарады деп айыпталған әскери қызметшіге қатысты қылмыстық іс қаралған. Сот ақпаратына сүйенсек, офицер жарылғыш оқ-дәрілерді залалсыздандырып, оқу полигонын оқ-дәрілерден тазартуы керек еді. Алайда ол өз міндетін орындау кезінде немқұрайдылық танытып, оқу полигонын тазарту жұмыстарын әскери қызметшіге тапсырған.
Ал әскери қызметші офицерге оқ-дәрілерді залалсыздандыру жөніндегі жұмыстарды толық аяқтамаса да тапсырма орындалғанын баяндаған.
Кейінірек осы оқу полигонында тұрмыстық қалдықтарды жинау барысында алдыңғы оқу жарылысының залалсыздандырылмаған қалдықтарының арасынан оқ-дәрілер жарылып, салдарынан бір әскери қызметші қаза тауып, екінші әскери қызметші ауыр жарақат алды.
"Сотталушының кінәсі дәлелдердің жеткілікті жиынтығымен: жәбірленушілердің айғақтарымен, сарапшылардың, мамандардың қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен, тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен дәлелденді. Сотталушы кінәсін мойындамады және қылмыс құрамы жоқ болуына байланысты ақтауын сұрады. Сот сотталушыны кінәлі деп таныды және оған екі жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады,-деді соттың баспасөз қызметі өкілдері.
Жәбірленушінің пайдасына жеті миллион теңге көлемінде моральдық зиян өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова