Ақтөбеде анасын өлтірді деген күдікті қамауға алынды

Ақтөбеде анасын өлтірді деген күдікті қамауға алынды
Фото: Tengrinews.kz

Ақтөбеде анасын өлтірді деген күдікке ілінген оқушы қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сот өз анасын аса қатігездікпен өлтірді деген іс бойынша күдікті ретінде өтіп жатқан 16 жастағы жасөспірімге қамау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Полиция департаменті мәліметінше, кәмелетке толмаған бала алдағы екі айды тергеу изоляторында өткізеді. Ол уақытша ұстау изоляторынан сол жерге ауыстырылған.

"Соттың қаулысымен кәмелетке толмаған жасөспірім 2 айға қамауға алынды", - деп хабарлады облыстық ПД.

Ақтөбе облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Айгүл Нұркеева жақын күндері жасөспіріммен сөйлесетінін айтты.

Тергеу нұсқасы бойынша, немересінің шабуылына ұшыраған 72 жастағы әжейдің хал-жағдайы өзгеріссіз. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы әйел №1 көпсалалы аурухананың травматология бөлімшесінде ем қабылдап жатқанын айтты. Оның иығы, қолының білек және алақан бөліктеріндегі көптеген пышақ жарақаттары бар, сондай-ақ қабырғалары сынған. Әжей келінінің қаза тапқанын әлі білмейді.

Қайғылы оқиға 2 желтоқсанға қараған түні Ақтөбе орталығындағы бес қабатты үйдің пәтерінде болған. Алдын ала деректер бойынша, жасөспірім мен анасы арасында жанжал шыққан. Көршілер айғай-шу естіп, полиция шақырған. Құқық қорғау органдары келген кезде 41 жастағы әйел көз жұмған, ал жараланған зейнеткер ауруханаға жеткізілген.

Отбасында үш бала бар, күдікті - үлкені, ол жекеменшік мектепте оқыған. Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша тергеліп жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget