Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Ақтөбе қаласында «Жастар балы» өтті, - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Салтанатты шараға облыс басшысы Бердібек Сапарбаев, мекеме басшылары, музыкант, скрипкашы Марат Бисенғалиев, қазақ эстрадасының жұлдыздары тележүргізушілер мен студент жастар қатысты.
Шара барысында тұңғыш рет облыс әкімінің 100 мың теңгелік «Жас Ақтөбе» облыстық жастар сыйлығымен ақтөбелік 25 жас марапатталды.
Сонымен қатар аймақ басшысы мүмкіндігі шектеулі дарынды 10 жасты 100 мың теңгелік сертификаттармен марапаттады.
Шараның жыл сайынғы ұйымдастырушыларының бірі — М.Оспанов атындағы БҚММУ әкімшілігі тарапынан ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттерге жалпы сомасы 4 миллион теңге қаражат табысталды.
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты мен айқын бағытын бағдар еткен біздің жалпыұлттық идеямыз — Мәңгілік Елге жетуде қоғамның қозғаушы күші, егемен елдің болашағын қалыптастыратын еркін ой иелері — жастарға патриоттық тәрбие беру. Әрбір мемлекеттің болашағы — жастар. 25 жыл ішінде Мемлекет басшысының бастауымен жастарға зор қолдау көрсетіліп келеді. Биыл Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толмақ. Аз ғана уақыттың ішінде Қазақстан дүниежүзіне белгілі болды. Еліміздегі барлық мемлекеттік бағдарламалар Ақтөбе өңірінде де жүзеге асуда. Қазіргі таңда 30-ға жуық үкіметтік емес ұйымдардың ұсынысымен 100-ге тарта саяси әлеуметтік жобалар іске қосылды. Әсіресе жас мамандарды тұрғын үй беру, жұмыспен қамту сынды басқа да әлеуметтік көмектермен қолдауға тырысамыз, — деді, Бердібек Сапарбаев.
Аймақ басшысы 1 желтоқсан — ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай алғаш рет Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін республикалық жастар форум делегаттарына сәттілік тіледі. Форумға «Серпін — 2050», «Болашақ», «Нұрлы жол», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға» секілді мемлекеттік бағдарламалардың қатысушылары, жас ғалымдар, мәдениет және өнер саласының белсенді 30 жас қатысады.
Шараның соңы кеш қонақтарының әсем әнімен, жастардың би кешіне жалғасты.