Ақтөбеде адамдар кепілге алынған оқиға: жаңа дерек шықты

Ақтөбеде анасы және өгей әкесімен бірге кепілге алынған 40 жастағы әйел ауруханадан шығарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

14 қаңтарға қараған түні ер адам әйелді және оның қарт ата-анасын кепілге алды. Бүгінге дейін жәбірленуші оларды босату бойынша арнайы операция қалай аяқталғанын білмеген. Оны ауруханадан туыстары алып кеткен.

"Жалпы жағдайы, денсаулығы жақсаруына байланысты науқас үйге шығарылды. Одан әрі тіркелген жері бойынша емханада бақыланады", - деп жазылған Денсаулық сақтау басқармасы хабарламасында.

Ақтөбедегі тосын жайт туралы не белгілі?

Ақтөбеде 13 қаңтарда кешкі сағат 20.00-де 102 пультіне белгісіз біреу жеке үйлердің біріне кіріп, адамдарды кепілге алғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел тергеу тобы, арнайы жасақ қызметкерлері, барлық шұғыл қызмет жедел жұмылдырылды, аудан қоршауға алынды.

Кепілге алынғандарды босату операциясы ұйымдастырылып, күдікті ұсталды. Қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу жүріп жатыр.

Кейінірек екі жәбірленуші қайтыс болғаны, бір адам жансақтау бөлімінде жатқаны белгілі болды.

Өңір әкімі жағдайға пікір білдіріп, барлық көмек көрсетілетінін мәлімдеді. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз