Ақтөбеде мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғызылған атышулы төрт қабатты үйлер төңірегіндегі дау толастамай тұр. Ол жақтан уақытша қоныс аударған тұрғындар бұрынғы пәтерлеріне қайтудан үзілді-кесілді бас тартып отыр. Бұл туралы КТК телеарнасының сюжетінде айтылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мен ол үйге қайтып оралуға келіспеймін. 48 отбасының бәрі қарсы. Тендерде кім жеңетінін қайдан білеміз. Олар үйдің іргетасын қалай жөндемекші?! Тәжірибелі құрылысшылар бізге: іргетасы бұзылса, үй ерте ме, кеш пе құлайтынын айтты", - дейді Ардақ Қожағұлова.
"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған төрт қабатты екі үй қазір бос тұр. Іргетас іргесінде үлкен жарықтар пайда болған, 48 отбасының барлығы шұғыл түрде көшірілді. Мамандар екі көпқабатты үй де апатты жағдайға дейінгі жағдайда деген қорытындыға келген.
Алайда бұл үкімді жергілікті компания шығарған. Шенеуніктер екінші рет сараптама жүргізіп, ҚазҰҒЗИ мамандарына жүгінбекші. Әкімдіктегілер мұндай түйткілді баспана мәселесімен бірінші рет кездесіп отырғанын мойындап отыр.
"Егер қайта сараптама үйдің апатты жағдайда екенін және оны қалпына келтіруге болмайтынын көрсетсе, онда мәселе бірден шешіледі. Сонда заңды түрде басқа баспана беруге құқығымыз бар. Бірақ сарапшылар жөндеу мүмкін деген қорытындыға келсе, сіздермен тағы кездесіп, заңды жолдарды іздейміз", - деді Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жүребеков.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!