Ақтөбеде 43 миллион теңгені жымқырған алаяқ сотталды

Ақтөбеде 43 миллион теңгені жымқырған алаяқ сотталды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Ақтөбе қаласының №2 сотында айыпталушы Ж-ға қатысты алаяқтық, яғни өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, бірнеше рет жасалған алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін ұрлау, аса ірі мөлшерде қылмыс жасады деген айыппен қылмыстық іс қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қысқаша фабула

Сотта Ж. "More Life" қоғамдық қорының директоры бола тұра, 2022-2024 жылдар аралығында қайырымдылық ретінде науқас балалардың ата-аналарының шоттарына түскен ақшалай қаражатты алаяқтық жолымен жалпы соммада 43 889 429 теңгені өзіне иемденгені анықталды.

Сотталушының ұстанымы

Сот отырысында сотталушы кінәсін мойындамады. Жауап беруден бас тартты.

Дәлелдемелер

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, банктік шоттардан үзінді көшірмелермен және іс бойынша басқа да дәлелдемелермен расталады.

Мемлекеттік айыптаушының ұстанымы

Мемлекеттік айыптаушы Ж-ны ҚК-нің 2-тармағының 4-бөлігінің 190-бабы бойынша кінәлі деп тануды және оған 10 жыл мерзімге коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауды сұрады.

Тағайындалған жаза

Жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде жас балаларының болуы деп танылды. Жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот Ж-ны Қылмыстық кодекстің 2-тармағының 4-бөлігінің 190-бабы бойынша кінәлі деп танып және оған 10 жыл мерзімге коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Жәбірленушілерге келтірілген материалдық залал сомасын өндіріп алу туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина