Ақтөбеде адам өлімімен аяқталған жаппай төбелеске кінәлілер сот алдында жауап бере бастады. Айыпталушы - алты жігіт. Олар адам өлтіріп, бұзақылық жасағаны үшін қамауға алынған болатын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, алғашқы сот отырысына қатысушылар көп болған. Тергеу тоғыз айға дейін созылған еді. Ал жарақат алған үш жігіттің беті бері қарап, қазір куәгер ретінде жауап беріп жатыр. Прокурор айыпталушы алты жігіттің ауыр қылмысқа алдын ала арнайы дайындалып барғанын айтады.
"Бір топ адам өзара алдын ала сөз байласу арқылы бұзақылық ниетпен пышақ қолдана отырып, Қызылжар елді мекенінің жігіттерін жаралаған. Әрқайсысының қылмыстық ойы бір екенін білдіріп және соған бағытталған іс-әрекетті бірге жүзеге асыруға келіскен", - дейді Ақтөбе облысы прокуратурасының аға прокуроры Азамат Бақытжанов.
Еске салайық, бұл қанды қылмыс жыл басында қала шетіндегі Қызылжар ауылында болған.
Әлеуметтік желіде сөзге келген екі студент жақтастарын ертіп түнде дүкен маңында кездесуге уағдаласады. Екі жақ болып жұдырықтасқан соң, қарсы тарап төрт жігітке пышақ сұққан. Суық қару 17 жастағы студенттің көк тамырына тиіп, жүрегін жарақаттаған. Ол оқиға орнында тіл тартпастан көз жұмды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!