Ақтөбе тұрғыны түзеу мекемесіне смартфон мен SIM-карта лақтырмақ болған жерінен ұсталды

Ақтөбе тұрғыны түзеу мекемесіне смартфон мен SIM-карта лақтырмақ болған жерінен ұсталды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Ақтөбеде бейтаныс түзеу мекемесіне тыйым салынған затты лақтырмақ болған жерінен ұсталды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қылмыстық-атқару жүйесінің №8 мекемесінің қауіпсіздігін күзетіп жүрген ҚР ІІМ Ұлттық ұлан жауынгері қатардағы Максим Ким алты адамның тыйым салынған аймаққа жақындап келіп, колония қоршауынан ішке қарай белгісіз затты лақтыруға әрекет етіп жатқанын байқап қалады.

Бұзақылардың бұл әрекетін байқаған ұландық сарбаз шұғыл әрекет еткен. Арттарынан қуған Максим Ким заңбұзушылардың бірін қолға түсірді. Қалған бұзақылар қолға түскен сыбайластарын құтқару үшін Ұлттық ұлан сарбазына жан-жақтан жабыла бастаған. Алайда көмекке басқа әскери жасақ қызметкерлері жүгіріп келе жатқанын байқап қалып, белгісіз бағытқа қаша жөнелген. Ұсталған азаматты тінту барысында қалтасынан екі телефон және екі SIM-карта табылды.

Аталған факт бойынша тәркіленген заттарды анықтау және одан әрі процессуалдық шешім қабылдау үшін заңды бұзған азаматтарға қатысты материалдар әкімшілік сотқа жіберілді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан