- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбе тұрғыны отбасылық...
Ақтөбе тұрғыны отбасылық жатақханаға "бомба қойылғанын" хабарлаған
Ақтөбеде мас ер адам полицияға отбасылық жатақханаға жарылғыш зат қойылған деп жалған хабарлама берген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері, оның ішінде арнайы бөлініс саперлері ғимаратты тексеру барысында қандай да бір жарылғыш қауіпі бар заттарды анықтаған жоқ. Полицейлер жалған хабарлама берген 34 жастағы азаматты жедел анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Ұсталған адам мас күйде болғаны және осы жатақхананың тұрғыны екені анықталды. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ақтөбе облысының полиция департаменті терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін, мұндай жалған хабарлама иелері 5 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салудан бастап, 5 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айыруға жазаланатынын тағы да еске салады.
Жыл басынан бері облыста терроризм актісі туралы жалған хабарлаудың 7 дерегі тіркелді, оның ішінде жалған хабарлама жасағандардың екеуі - кәмелетке толмағандар.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова