Ақтөбе облысының 8,6 мыңнан астам тұрғыны «Әлеуметтік проблемаларды шешу» Республикалық акциясының аясында медициналық тексеруден өтті. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ресми сайты хабарлады.
Ағымдағы жылғы 29 қыркүйек пен 3 қазан аралығында «Әлеуметтік проблемаларды шешу» Республикалық акциясының аясында Ақтөбе облысы Алға, Қандыағаш, Шалқар аудандарының тұрғындарына 8,6 мыңнан астам медициналық тексеру жасалып, оның ішінде 3312 адам Астана және Алматы қалаларының ғылыми орталықтары мен ғылыми-зерттеу институттары мамандарының кеңесін алды.
Медициналық тексеру нәтижесі бойынша 117 пациент (24 бала) мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек алу үшін республикалық орталықтарға жіберілді. «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқарма басшысы, ҚР ДСӘДМ штаттан тыс бас нейрохирургі Серік Ақшолақов Шалқар ауданының инсульт және ауыр түрдегі бас сүйек-ми жабық жарақатын алған адамдарға кеңес беріп, оның ішінде 3 азаматты Астанадағы «Ұлттық нейрохирургия орталығына жіберді.
Сонымен бірге, облыстық орталықтардың жетекші мамандары Алға, Қандыағаш аудандарының 1942 мектеп оқушысын профилактикалық тексеруден өткізіп, оның 433-ін сауықтыруға жіберді. «Денсаулық» медициналық пойызы қозғалысының аясында ҚР ІІМ ТЖК «Теміржол апаттық медицина госпиталі» АҚ дәрігерлері Алға, Қандыағаш, Шалқар аудандарының 3509 тұрғынын тексеріп, оның ішінде 922 азаматты диспансерлік есепке алды. Тұрғындар арасында амбулаторлық-емханалық көмек көрсету, дәрілермен қамтамасыз ету, туберкулездің алдын алу және т.б. мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Медициналық ұйым қызметкерлері үшін республикалық орталық мамандары алғашқы медициналық-санитарлық көмек аясында медициналық қызметтердің сапасын жетілдіру мәселелері, сонымен қатар, 5 ауру (миокардтың жіті инфаркті, мидағы қан айналымының ауыр ауытқулары (инсульт), қатерлі ісік аурулары, сынықтар, жүктілік және босандыру) бойынша медициналық көмек көрсетудің біріктірілген үлгісін енгізу, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың негізгі қағидалары жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бүгін дәрігерлік десант жұмысты әрі қарай жалғастыру үшін Темір ауданына жіберілді.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР ДСӘДМ «Әлеуметтік проблемаларды шешу» акциясын өткізу үшін Ақтөбе облысына республикалық ҰЗИ мен ҰО-ның балалар мен ересектер бағыты бойынша 20 жетекші маман жіберілген болатын. Акция аймақ тұрғындарына мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға негізделген. Ағымдағы жылғы 29 қазанға дейін республикалық емхана дәрігерлері облыстың 5 ауданында медициналық тексерулер мен консультациялар өткізеді.