Ақтөбе облысының тұрғындары ауданға автобус сұрап отыр

Ақтөбе облысының тұрғындары қалаға қатынайтын автобус сұрап отыр. Олардың айтуынша, кейінгі жылдары аудан орталығы Ырғыз қарқынды дамып келеді. Алайда жолаушы тасымалымен айналысқысы келетіндер жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz арнасына сілтеме жасап.

Әсіресе қыста маршрутты автобустың жоғы мектеп оқушылары мен қарт адамдарға қиын. Аудан орталығында жеті мыңнан астам адам тұрады. Мұнда бір жарым мыңға жуық бала білім алатын төрт мектеп бар.

Ауыл тұрғындары көбіне такси қызметін пайдалануға мәжбүр: қашыққа қарамастан, бір жол жүру құны - адам басына 300 теңге.

"Қоғамдық көлік қажет. Таксимен жүру қымбатқа түседі. Кей отбасында, мәселен, екі-үш оқушы бар. Бір кезде Ырғызда маршруттар болған. Автобус жүрсе, бізге үлкен көмек болар еді", – дейді жергілікті тұрғындар.

Бұған дейін Ырғызда жолаушы тасымалымен айналысқан жергілікті кәсіпкер денсаулығына байланысты жұмысын жалғастыра алмаған. Ал жастардың арасында маршрут не автобус жүргізуге ниеттілер жоқ.

"Бұл ауданда категориясы "D" бар үш-төрт қана жас бар. Олар біреудің көлігін айдағысы келмейді. Сондықтан мәселе әзірге шешілмей тұр. Дегенмен біз түрлі мүмкін нұсқаларды қарастырып жатырмыз. Жуырда осы проблеманы бір кәсіпкермен талқыладық. Облыс орталығынан екі көлік әкеліп, жолаушылар тасымалын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз", – деді Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов.

Аудан орталығында қоғамдық көліктің жүру сызбасы да әзірленген. Алайда оның қашан іске қосылатыны әзірге белгісіз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!