- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбе облысының бұрынғы...
Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі 8 жылға бас бостандығынан айырылды
Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Ермек Амантаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ермек Имантаев Ақтөбе ӘКК басқарма төрағасы бола тұра, "Садовое" тұрғын үй алабында орналасқан көлемі 24 гектар жер учаскесін, бағасын 10 есе түсіріп заңсыз түрде сатқан. Сотталушы жердің нарықтық құнын қасақана 20 миллион теңгеге дейін төмендетіп, жер учаскесі туралы жалған ақпарат ұсынып, төлемдің жасалмағанына қарамастан, жалған сатып алушы С.-пен заңсыз сатып алу-сату келісімшартын жасаған.
Әрі қарай, жер учаскесі жалған тұлға С.-қа қайта рәсімделіп, жердің нысаналы мақсаты "жеке тұрғын үй құрылысынан" "көпқабатты тұрғын үй құрылысына" өзгертілді. Жалған тұлға С.-пен жердің 17,2 га көлеміндегі бөлігі Батыс-3 мөлтек ауданындағы 4 жер учаскесіне кейін тұрғын үй салушыларына сату үшін айырбасталған.
Ермек Имантаевтың тапсырмасымен жалған тұлға С. жоғарыда аталған Батыс-3 мөлтек ауданындағы 3 учаскесі және "Садовое" тұрғын үй алабындағы қалған 2,3 гектар көлеміндегі жер учаскесі үшінші тұлға К.-ге қайта рәсімделген", - делінген хабарламада.
Жер учаскесін заңсыз сатқан Ермек Имантаев АҚ тұлғасы ретінде мемлекетке 199,4 миллион теңге сомасына аса ірі мөлшерде залал келтірді.
Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және басқа да дәлелдемелер жиынтығымен расталды.
Прокурор соттан Ермек Имантаевқа мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы Ермек Имантаев өз кінәсін мойындамады.
ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағының санкциясы 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Сот жазаны тағайындау кезінде сотталушының жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде оң мінезделетінін, бұрын сотталмағанын және сотталушының денсаулық жағдайын ескерді. Жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
"Соттың үкімімен Ермек Имантаев кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойына айыра отырып, 8 жыл мерзіміне бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Азаматтық талап қанағаттандырылып, сотталғаннан мемлекет пайдасына 199,4 миллион теңге өндірілді", - деп хабарлады сот.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан