Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Қаңтар оқиғасынан соң сотқа шақырылғанын айтты. Шенеуніктің сөзінше, одан куәгер ретінде жауап алынған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Орталық коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналист Асхат Шахароқа сұрақ қойды.
"Сұрағым қаңтар оқиғасына байланысты. 2022 жылғы 4 қаңтарда сіз Ақтөбе қаласындағы алаңға жиналған халықтың алдына шықтыңыз. Бұрын мен Ақтөбе облысының әкіміне де (Оңдасын Оразалин - еск.) бұл сұрақты қойғанмын. Ол алаңға жиналған жұртқа шықпағанын айтты. Бірақ сізді алаңға жіберіпті. Сіз ол жаққа бара жатқанда, бұл процесті легитимді етіп жатқанын түсіндіңіз бе? Сізді сол кездегі облыс әкімі ол жаққа баруға мәжбүрледі ме?" - деді БАҚ өкілі.
Облыс әкімі халықтың үніне құлақ асқанын айтты.
"Қандай жағдай болмасын, билік пен халық арасында диалог болуы керек. Сондықтан (алаңда - еск.) жиналған адамдарды тыңдау маңызды болды. Онда көбіне қала тұрғындары болды. Мен қала әкімі ретінде олардың мәселесін тыңдау үшін халықтың алдына шықтым. Диалог болды. Нәтижесін сіздер білесіздер. Оқиғаның салдары болмады. Мәселе сонда шешілді", - деді Асхат Шахаров.
Ол "Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбе әуежайын адамдар басып алды" деген ақпаратты жоққа шығарды.
"Сол күндері әуежайдың жұмысы тоқтатылған. Соттың шешімі болды. Бұған қатысы бар адамдар сотталды. Оларға шара қолданылды. Бұл күні әуежай жұмыс істемеген. Себебі кейбір адамдар әуежайдың жұмысын тоқтатуға тырысқан. Тергеу болды, соттың шешімі бар", - деді облыс әкімі.
Асхат Шахаров сотта куәгер болғанын мәлімдеді.
"Куәгер ретінде (сотқа - еск.) шақырды. Қойған сұрақтарына жауап бердім. Сол сұрақтар бойынша шешім қабылданды. Жалпы бейнелер (видеолар - еск.) бар. Қандай сұрақтар мен жауаптар болғанын сол арқылы біле аласыз", - деді Асхат Шахаров.
Айта кетейік, 2022 жылғы қаңтарда еліміздің бірқатар өңірінде тәртіпсіздіктер болды. Адамдар алдымен Маңғыстау облысында жиналды. Автогаздың бір литрі 120 теңге дейін жеткен соң тұрғындар наразылық білдірді. Содан кейін наразылыққа Ақтау, Құрық, Ақшұқыр және тағы басқа аудандардың адамдары қосылды.
Артынан Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Шымкент, Көкшетау, Орал және тағы басқа қалаларда адамдар жиналып, Жаңаөзенді қолдауға арналған видеолар жолдай бастады.
Президент Қасым-Жомар Тоқаев Үкіметке газ бағасына қатысты мәселені шұғыл шешуді тапсырды. Үкімет комиссиясы Маңғыстау облысындағы сұйытылған газ бағасы 50 теңгеге төмендейтінін мәлімдеді. Бірақ Жаңаөзенде жиналған халық тарамады. Газ бағасынан кейін басқа саяси талаптар қойыла бастады. Артынан еліміздің басқа өңірінде азаматтар жинала бастады, соңы тәртіпсіздікке ұласты.
Алдымен Алматыда, кейін республика бойынша байланыс үзілді. Алматыда мемлекеттік нысандар отқа оранды. Әуежайды басып алды. Дүкендер мен банктер тоналды.
5 қаңтарда түнде Алматы қаласында және Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізілді. 6 қаңтарда төтенше жағдай режимі республика бойынша қолданылды. Лаңкестікке қарсы операция басталды.
Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына үндеу жолдап, бітімгерлік әскерді кіргізуді сұрады. Елімізге 2 мыңнан аса бітімгер жіберілді. Олар келген бойда стратегиялық маңызы бар нысандарды күзетуге кірісті. Ал қазақстандық әскерилер мен полицейлер тәртіп орнатуға күш салды. 7 қаңтарда Мемлекет басшысы халыққа тағы үндеу жолдап, бірнеше қалада тәртіп орнатылғанын мәлімдеді.
Бас прокуратура мәліметінше, Қазақстанда қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапты.
Аяз Есен
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!