Ақтөбе облысындағы топан судан зардап шеккендердің шығыны өтелді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Алайде телеарна мәліметінше, облыстағы көктемгі су тасқынын зардап шеккен елді мекендерде төтенше жағдай режимі әлі күшін жоймаған. Қазір ауылда тұрғындардың тұрмысын қалыпқа келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Облыстық бюджеттің резервінен қаражат бөлініп, тілсіз жау, үй-жайын қиратқан отбасыларға өтемақы төленген. Нәсифа Алдрабекова топан су түн ішінде, тұтқиылдан келді дейді. Абдырап қалған ауыл тұрғындары қолдарына құжаттарын ғана алып үлгеріпті. Саманнан соғылған баспананы жарты сағат ішінде су басып, тұруға жарамсыз боп қалған.
"Үлгеретін заттарды алып шықтық, үлгермеген заттар судың астында қалып қойды. Жарамсыз болып қалды. Киімдерді өртеп жібердік. Жиһазды енді, жөндейтінін жөндейміз, жөндемейтіні жарамсыз", - дейді Қобда ауылының тұрғыны Нәсифа Алдрабекова.
Табиғаттың тосын мінезінен далада қалған Алдрабековтер отбасы 2,5 ай өте қоныс тойын тойлап үлгерді. Облыстық бюджет есебінен салынған баспананың біріне көшіп келген. Бұл мақсатқа төтенше жағдайға сақталған резервтен 860 миллион теңге қаржы бөлінген. Жаңадан бой түзеген көшеге орныққан тұрғындар тұрмысын қайта жандандыруға кірісіпті.
"Ауылдық жерде тұрғасын мал ұстау керек, құс ұстау керек, сол, сарай саламыз, жаз үй саламыз. Бір "кладовка" керек, "душты" салып қойдым. Сондай бір тіршіліктер. Құдай сақтасын енді бұл жерге су келмейтін шығар енді", - дейді Қобда ауылының тұрғыны Жаңабай Алдрабеков.
Көктемгі су тасқынында Қобда ауылының 104 отбасы зардап шеккен. Олардың 30-ына жаңа үй салынды. Әрбір баспана құны шамамен 28 миллион теңгеге бағаланып отыр.
"Әрбір үй 100 шаршы метрден, бір пәтерлі үйлер. Екі пәтерлі үйлер 75 шаршы метрден. Бүгінде халыққа толығымен берілді. Қазіргі уақытта төтенше жағдай режимі әлі жойылған жоқ. Қазіргі уақытта сауықтыру жүріп жатыр", - дейді Қобда ауданы әкімінің орынбасары Қанат Мыңбаев.
Баспанасы топан суға төтеп берген тұрғындарға үй жиһаздарының шығыны өтелген. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 358 млн теңге қаржы бөлінді. Ендігі міндет - еріген қар суы басқан мектеп пен спорттық нысанды қалыпқа келтіру.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!