- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тікұшақ апаты
Ақтөбе облысындағы тікұшақ апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды
Ақтөбе облысындағы тікұшақ апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
9 қарашада Ақтөбе облысындағы аэродром аумағында оқу-жаттығу ұшуларын орындау кезінде МИ-8 тікұшағы қатты қонып, артынша отын бактары өртенген.
"Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнында тергеу органдары жұмыс істеп жатыр", - деп жазылған ҚР ІІМ ӘТД Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының хабарламасында.
Оқиға қалай болды?
Еске салайық, 9 қарашада сағат 11:40-та 112 нөміріне Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Сарыжар ауылының аумағында тікұшақ қатты қарқынмен қонғаны туралы хабарлама түскен.
"Оқиға орнына келген ТЖМ құтқарушылары өртті ауыздықтады. МИ - 8 тікұшағының бортында 3 адам болған. Олардың біреуі қайтыс болды. Зардап шеккен екі адам Ақтөбе қаласына ҚР ҚМ ЯК-40 ВОСВОД ұшағымен жеткізілді", - деп жазылған ТЖМ хабарламасында.
Кейін Қорғаныс министрлігі құлаған тікұшаққа қатысты мәлімдеме жасап, апат себебін атады.
"Авиациялық оқиғаның алдын ала себебі - техникалық ақаулық. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Жергілікті жерде ведомствоаралық жедел топ жұмыс істеп жатыр", - деп жазылған Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің жағдайы тұрақты ауыр. Науқастар есін біледі, сұрақтарға жауап бере алады.
"Ауылда тікұшақ құлағаны туралы хабарлама 103-ке сағат 11:36-да түсті. Оқиға орнында екі науқасқа Мәртөк аудандық ауруханасының жедел жәрдем бригадасы көмек көрсетті. Бір жәбірленуші 103 келгенге дейін қаза тапты", - деп жазылған Денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова